You are here

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Н.М. Сүйіндіковтің мұнай ұрлығы мәселелері бойынша брифингтегі сөз сөйлеу тезистері

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары  Н.М. Сүйіндіковтің мұнай ұрлығы мәселелері  бойынша  брифингтегі сөз сөйлеу тезистері   - 1134628881

Мұнай ұрлығы және мұнайдың көлеңкелі айналымы мұнай өндіруші өңірлер үшін ерекше өзекті екендігі баршаңызға мәлім.

Прокуратураны қоса алғанда, уәкілетті және құқық қорғау органдары мұнаймен заңсыз операциялардың себептері мен жағдайларын жою үшін тұрақты түрде шаралар қолдануда.

Заңнама жетілдірілуде.  

            Алайда, өздеріңіз криминалдық жаңалықтардан білетіндей, мұнай ұрлау деректері жалғасуда.   

            Сондықтан, облыс прокуратурасы аталған мәселені қосымша  зерделеді. Бұл үшін сарапшылар командасын жинадық. Олардың қатарында құқық қорғаушылар, салықшылар, экологтар, геологтар бар.         Негізгі екі сұраққа жауап іздедік: 1) мұнай ұрлығына қандай факторлар әлі де мүмкіндік туғызып отыр? 2) оларды жою үшін не істеу керек?   

Бірлескен жұмыс келесі тұжырымдарға әкелді. 

            Біріншіден, есепке алуды автоматтандыру талап етілуіне қарамастан, жекелеген компаниялар әлі де ескі әдістерді қолдануда. Шикізат ұңғымалардан орталықтандырылған коллекторға емес, бөлек тұрған бөшкелерге құйылады. Содан соң, өндірілген мұнай көлемі сызғышпен өлшенеді.

Бұл жосықсыз жұмысшыларға мұнайдың бір бөлігін жасырып сатуға мүмкіндік береді. 

            Нақты мысал. Қазір Ведомствоаралық тергеу тобымен «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-нің арызы бойынша қылмыстық іс тергелуде.   

            Бүгінгі таңға бір кен орынының операторлары, мастерлері мен күзетшілері түнгі уақытта бөшкелерге өндірілген мұнайдың бір бөлігін заңсыз сатып отырғандары анықталды. Осындай тәсілмен 530 тонна мұнай ұрланғаны анықталды. Тергеу жалғасуда. 

            Екіншіден, мұнай қараусыз қалған немесе өндірісі тоқтатылып тұрған кен орындарынан да ұрлануда.   

Мысалы, 5 адамнан (Каиркулов және т.б.) тұратын қылмыстық топ өндірісі тоқтатылып тұрған бір кен орынынан 50 тоннадан астам мұнайды ұрлаған. Сот үкімімен олар мүліктерін тәркілей отырып, 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. 

            Үшіншіден, кейбір компаниялар технологиялық шығындар мен жеке қажеттілікке мұнайдың үлкен көлемін есептен шығарады.

            Мысалы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы 2014-2016 жылдары 88 мың тонна мұнайды технологиялық шығындар ретінде есептен шығарған. Бұл көлемдер кеңес дәуіріндегі нормативтік құжаттар негізінде анықталған.

«Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-гі осы жылдар ішінде 2 мың тонна мұнайды ұңғымаларды ыстықтай жуып шаю үшін пайдаланған. Мұндай шығындарды есептеудің нақты әдістері жоқ.

Біздің ойымызша, мұндай жағдай мұнай өндіруші компаниялардың жосықсыз жұмысшылары тарапынан ұрланған шикізатты шығын түрінде жасыруға мүмкіндік беретінін жоққа шығармайды.

            Төртіншіден, мұндай қылмыстардың негізгі құралдары мұнай тасымалдаушы автокөліктер болып табылады. Олардың саны облыста 2012 жылдан бастап үш есеге: 1 200-ден 400 бірлікке дейін кеміді. Бұл негізінен қылмыстық-құқықтық шаралар мен сот тәркілеулерінің нәтижелері.

Дегенмен, мұндай автокөліктерді заңсыз операцияларда пайдалануды болдырмайтын немесе азайтатын ерекше талаптар жоқ.

Бесіншіден, ұрланған мұнай жалған құжаттар жасау арқылы, сондай-ақ мұнай құятын терминалдар мен қуаты аз мұнай өндіру зауыттарын пайдалану арқылы заңдастырылады.

Алтыншыдан, рұқсат беру процедураларын сақтамау үшін мұнай елімізден құрамында мұнайы бар өзге мұнай өнімі түрінде шығарылады.  Ол үшін құрамы болмашы өзгертіледі. Белгілі бір заттарды қосады немесе алады. Сөйтіп, құрамында мұнайы бар бір өнім алады да, оған атау береді, ұйым стандарты деп аталатын сапа паспортын әзірлейді.

            Бүгінде ұйым стандарттары бар мұндай өнімдердің 100-ден астам түрлері бар. Шын мәнінде, бұлар да сол мұнай. Айтылған айла-амалдар, жаңа аталғандай, шектеулерді айналып экспорттау үшін жасалады.

            Мысал ретінде құрамында Молдавия, Қазақстан және Арменияның  9 азаматтары болған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты істі келтіруге болады. 2012-2013 жылдары олар мұнайды елімізден мысалы «Атмосфералық мұнай айыру қалдығы» түрінде шығарған. Қылмыскерлер мүліктерін тәркілеу арқылы 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға сотталды. 

Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде (2012-2016 жылдары) облыста мұнай ұрлау деректері бойынша 160 қылмыстық іс (2012ж.-23, 2013ж.-49, 2014ж.-20, 2015ж.-29, 2016ж.-39) тергелді.  Анықталған залал көлемі 7 млрд. теңгеден астам.          

            Әрине, айтылғандардың көпшілігі жұртшылыққа белгілі. Уәкілетті органдар мұнай ұрлауға мүмкіндік беретін аталған факторларды жою шараларын алуда. Біздің сарапшылар командасы да талдау қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі.

            Бірінші. Мұнай өндірудің тек қана автоматтандырылған есебін жүргізуді пайдалану.

Қазір заңнама автоматтандырылғанмен қоса есептің басқа тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді.     

Біз тек автоматтандырылған өлшемдік құрылғыларды қалдыруды ұсынамыз. Және де оларға бірыңғай талаптар бекіту қажет.

            Бұл бөшкелер мен өлшемдік сызғыштарды қолданыстан шығаруға, нәтижесінде ұңғымалардан мұнайды ұрлауды азайтуға мүмкіндік береді.

            Әкімшілік кодексте автоматтандырылған есеп құралдарын орнату туралы ұйғарымдарды орындамаған жағдайда ұңғымалардың қолдануын тоқтатуды көздеуді ұсынамыз. 

Екінші. Кен орындарын қорғау бойынша замануи технологиялар енгізу.

Кен орындарынан мұнай ұрлау жағдайлары қазіргі күзет тәсілдерінің тиімсіздігін көрсетеді. Күзетшілердің өздері ұрлық схемаларына қатысады. 

Осыған байланысты объектілерді қашықтықтан бақылайтын замануи, электрондық күзет жүйелерін енгізу ұсынылады.  

Әңгіме адамдар мен техникалардың қозғалысын онлайн режимде бақылайтын, күзет аумағын фото және видеожазбаға түсіретін, қауіптілік туралы хабарламалар бере алатын жүйелер жөнінде болып отыр.     

Үшінші. Жеке қажеттілігі, сондай-ақ технологиялық шығындар үшін пайдаланылатын мұнай көлемдерін анықтауды және бекітуді нормативтік реттеу. 

            Айқын есептеу әдістемелерін белгілеу, уәкілетті органдармен нақты есептерді келісу, біздің ойымызша, мұнайды көлеңкелі айналымға тарту жағдайларын азайтады.

            Сондай-ақ біз мұнайды технологиялық шығын немесе жеке қажеттіліктерге пайдалану үшін арнайы салық немесе бюджетке басқа да төлем енгізуді қарастыруды ұсынамыз. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларды аз шығынды өндіру технологияларын енгізуге итермелейді.  

            Төртінші. Есеп және бақылаудың ақпараттық жүйесін жетілдіру.

            Қазіргі уақытта Энергетика министрлігінің бұл жүйесі негізінен жер қойнауын пайдалаушылардың өздерінің мәліметтерінен тұрады.

            Мұнай мен мұнай өнімдерінің өндірілуі мен қозғалысын тиісті есептеу, талдау және бақылау үшін барлық мүдделі құрылымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіруді ұсынамыз.

            Бұл автоматтық режимде мұнайдың қозғалысы туралы әртүрлі көздерден мәліметтерді бақылауға және салыстыруға мүмкіндік береді.   

            Мысалы, жер қойнауын пайдаланушы мұнайды темір жол көлігімен экспорттауға рұқсат алды.

Бірыңғай ақпараттық жүйеге экспортер мұнай көлемдерін көрсете отырып вагондарды жөнелту туралы мәліметтер енгізеді. ҚТЖ қабылдаған вагондар саны мен мұнайдың көлемі туралы ақпаратты енгізеді. Кеденші декларацияланған тауар туралы мәліметтерді толтырады. Шекарашы  шекарадан өткен вагон саны мен мұнай көлемін көрсетеді. Осы мәліметтер автоматты түрде бір бірімен салыстырылады.

Осындай жүйені енгізу жер қойнауын пайдаланушылардың және басқа да субъектілердің қызметтеріне мемлекеттік органдардың негізсіз араласуын да болдырмайды. Егер түрлі ақпарат көздерінің арасында айырмашылық болмаса тексеру жүргізу қажеттілігі де жоқ.  

            Осыған ұқсас тәжірибе көршілес Ресейде енгізілген, онда  «Нефтеконтроль» атты мұнай және мұнай өнімдерінің өндірісі мен қозғалысын есептеу және бақылаудың мемлекеттік жүйесі бар.

Бесінші. Мұнай тасымалына арнайы есеп енгізу.

Қазір мұнайды тасымалдау, ол стратегиялық шикізат екендігіне қарамастан, құжаттардың ең аз пакетімен жүргізіледі.

Дей тұрғанымен, мұнай өңдеу өнімдерінің айналымы салық органдарының бақылауына алынған. Бұл бензин, дизелдік  және авиациялық отын. Олармен жүргізілетін барлық операциялар салық қызметкерлерінің базасында көрініс табады және сатушы мен сатып алушымен растауға жатады. 

            Біздер мұнай бойынша да осындай есеп жүйесін енгізуді ұсынамыз. Бұл мұнайдың заңсыз айналымының көлемін азайтуға мүмкіндік береді.  

            Алтыншы. Мұнай тасымалдаушы автокөліктерді пайдалануға бақылау. 

            Бүгінгі таңда олардың қозғалысына ешкім бақылау жүргізбейді. Полиция оларды тек жол қозғалысы ережелерін сақтауына қатысты ғана тексереді.

            Сондықтан мұнай тасымалдау қызметінің тек арнайы рұқсат негізінде көрсетілуін ұсынамыз. Ол үшін, мысалы, мұнайды қауіпті жүктер қатарына жатқызуға болады.

Сондай-ақ меншік иелеріне мұнай тасымалдаушы көліктерін қозғалысты тіркеу және қашықтықта бақылау жүйелерімен жабдықтауды міндеттеу ұсынылады. Бұл GPS-бақылау деп аталатын жүйелер.   

            Осындай тәжірибені қазіргі уақытта ресей көлік компаниялары пайдалануда. Ол машинаны бағыт бойынша жолда қозғалып келе жатқанда және оның тасымалдаған жүк көлемін бақылап отыруға мүмкіндік береді.  Бұған қоса, өздеріңіз білетіндей, біздерде де мемлекеттік органдардың  көптеген қызметтік автомашиналарында GPS-бақылау орнатылуда.

Жетінші. Мұнай өнімдеріне ұйым стандарттарын әзірлеу және бекіту процедураларын реттеу.

            Нормативті түрде мұнай өнімдерінің түрлеріне ұйым стандарттарын әзірлеу процесін реттеу, сондай-ақ оларды уәкілетті органдармен келісуді  немесе бекітуді енгізу ұсынылады.

Қолданыстағы ұйым стандарттарын да зерделеу және құзыретті құрылымдармен келісу процедурасына тарту қажет. 

            Балама шешім ретінде қолданыстағы барлық ұйым стандарттарының күшін жоюға және бірыңғай ұлттық стандарттарды енгізуге болады. 

            Осы айтылған және мұнайды ұрлаудың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған өзге де ұсыныстар бізбен Бас прокуратураға жолданды.

Бас  прокуратура оларды қолдап, Үкімет қарауына енгізді. Жауапты министрліктер біздің ұсыныстарымызға тиісті назар аудара зерделеп, жақын уақытта оларды іске асыруға қажетті шаралар қолданады деп үміттенеміз.

Ақтөбе облысы прокуратурасынның баспасөз қызметі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.